Павлодарлық жасөспірімдер робот құрастыру сайысынан сынға түседі
«Robotеk Grand Tournament» атты республикалық чемпионатының облыстық кезеңі қаңтарда өткізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы хабарлады.
Чемпионаттың мақсаты – ҚР спорттық және білім беру робототехникасын танымал ету, роботтарды құрастыру және бағдарламалау, инженерлік ғылымдар, бағдарламалау, басқа да инновациялық білім беру технологиялары саласындағы дарынды оқушыларды анықтау және қолдау.
– Чемпионатқа 7 санаттағы жас аралығы бойынша 7 команда қатысады. 1 командада жасына байланысты 2 оқушы болуы керек, – делінген хабарламада.
Роботек, инверстік сызық бойымен жарыс, жеткізуші робот, мерген, туды жеткізу, сұрыптаушы робот, робобаскетбол сияқты санаттар болады.
Чемпионатқа Қазақстанның 17 аймақ, 3 республикалық маңызы бар қалалары және шет мемлекеттердің ең мықты құрамаларын қоса алғанда, барлығы 350- ден астам оқушы қатысады.