Павлодарда «Сумерки» атмосферасындағы шығармашылық кеш өтеді
Қатысушылар өз қалаулар картасын жасап, танымал фильмнің алғашқы бөлімін бірге тамашалайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жастар бастамаларын дамыту орталығының мәліметінше, «Қалаулар картасы × Сумерки» тақырыптық кеші 28 қыркүйекте ұйымдастырылады.
Шара барысында қатысушылар өз армандары мен мақсаттарын бейнелейтін жеке қалаулар картасын жасайды. Одан кейін «Сумерки» фильмінің бірінші бөлімі көрсетіледі.
Ұйымдастырушылар шығармашылық жұмыс пен фильм көрсетілімін бір кеште біріктіріп, жастардың еркін қарым-қатынас жасауына арналған орта қалыптастыруды көздеп отыр.
– Қалаған нәрсеңді көз алдыңа елестет. Мүмкін, бәрі дәл осыдан басталатын шығар, – дейді ұйымдастырушылар.
Кеш 28 қыркүйекте сағат 18:00-де Ломов көшесі, 38 мекенжайындағы Жастар бастамаларын дамыту орталығында өтеді.
Қатысу тегін, алайда орын саны шектеулі. Алдын ала тіркелу үшін 8 700 661 70 11 нөміріне хабарласуға болады.