Павлодарда тіс емдеткеннен кейін комаға түскен бүлдіршіннің жағдайы әлі де ауыр
Осы оқиғаға қатысты тексеріс жүріп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Кучуковтың айтуынша, үш жасар бала 21 қазанда «Ажар» ЖШС балалар стоматологиясында тісін емдеткен кезде жағдайы нашарлаған. Оқиға орнына жедел жәрдем бригадасы шақырылып, бала облыстық балалар ауруханасына жеткізілген.
– Қабылдау бөлімін айналып өтіп, бала бірден жансақтау бөліміне жатқызылды. Қазіргі уақытта оның жағдайы өте ауыр. Ол комада жатыр, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Қазір бар күш-жігеріміз бен ойымыз баланың өмірін сақтап қалуға бағытталған. Бұл жағдай менің жеке бақылауымда, – деді Ермек Кучуков.
Басқарма басшысының мәліметінше, 21 қазанда бала тіс дәрігеріне үшінші рет барған. «Ажар» жеке клиникасында емшара кезінде балаға инъекция жасалмаған және жансыздандыратын дәрі қолданылмаған. Қазір науқастың жағдайын бақылау үшін күн сайын дәрігерлердің пәнаралық консилиумдары өткізіліп жатыр.
Астана қаласындағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының және Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтың мамандарымен телемедициналық кеңестер ұйымдастырылған. Алматыдан штаттан тыс бас балалар анестезиолог-реаниматологы шақырылып, ол баланы тексерген. Мамандар емдеу тактикасын бірлесіп талқылап, қажетті түзетулер енгізіп отыр.
Ермек Кучуковтың айтуынша, аурухана қажетті медициналық жабдықтармен, техникамен және дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген. Баланың ата-анасына оның жағдайы туралы ақпарат тұрақты түрде беріліп келеді. Басқарма басшысы бүлдіршіннің жағдайын өзі де күн сайын бақылап отырғанын айтты. Баланың анасы үнемі ауруханада.
Оқиғаға байланысты денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасымен медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаменті пациенттің медициналық көмек алу маршрутына қатысты жоспардан тыс тексеру бастаған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы да қызметтік тексеру жүргізіп жатыр. Құқық қорғау органдары стоматологиядағы бейнебақылау камералары мен жазбаларын алған. Медицина қызметкерлерінің әрекетіне немесе әрекетсіздігіне тексеру қорытындысы бойынша құқықтық баға беріледі.
Еске сала кетейік, 2023 жылы туған бүлдіршіннің тісін емдеу кезінде жағдайы нашарлап, есінен танып қалған. Бала 21 қазанда сағат 15:45-те жедел жәрдем бригадасымен Павлодар облыстық балалар ауруханасына жеткізілген.