Павлодарда түрлі ұлт өкілдерінің өнер көрмесі өтті

Мәдени іс-шара Ассамблеяның 30 жылдығына орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ағымдағы жылғы 26 ақпанда И. Байзақов атындағы облыстық филармонияда Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы этномәдени бірлестіктерінің сәндік-қолданбалы өнер көрмесі өтті.
Көрмеге «Беларусь» мәдени орталығы» ҚБ, «Т. Шевченко атындағы «Украин мәдениеті қоғамдастығы» ҚБ, «Финноугор этномәдени орталығы» ҚБ, «Somang» Павлодар облыстық корейлер ассоциациясы» ҚБ және «Айреник» Павлодар облыстық армян қоғамы» ҚБ өкілдері қатысты.
– Бұл көрме облыстық филармония мен ҚХА-ның бірлескен ынтымақтастығы аясында ұйымдастырылды. Мұндай іс-шаралар этносаралық келісім мен өзара түсіністікті нығайтуға ықпал етіп, мәдени дәстүрлерді сақтауға және оларды қазіргі қоғамға интеграциялауға маңызды қадам болып табылады, – дейді ұйымдастырушылар.
Көрмеде әшекейлер мен музыкалық аспаптар, ұлттық киімдегі қолдан жасалған әсем қуыршақтар, ерекше кестелер мен желдеткіштер, ерекше мүсіндер мен көне тұрмыстық бұйымдар ұсынылды.
Шеберлікпен жасалған бұл экспонаттар өңіріміздің этностар мәдениетінің алуан түрлілігі мен өзіндік ерекшелігін көрсетті.