Павлодарда тұтынушыларға 32 миллион теңгеден астам қаржы қайтарылды

Павлодарда тұтынушыларға 32 миллион теңгеден астам қаржы қайтарылды
Фото: жасанды интеллект

Шағымдардың көбі сауда саласына тиесілі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жыл басынан бері өңір тұрғындарынан 931 өтініш түсіп, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28 пайызға көбейген.

Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Болат Тұрмағанбеттің айтуынша, өтініштердің көбеюі халықтың құқықтық сауаттылығының артуы және түсіндіру жұмыстарының нәтижесіне байланысты.

Талдау нәтижесінде тұтынушылардың құқықтары көбіне бөлшек сауда саласында бұзылатыны анықталған. Мұндай шағымдардың үлесі 49,8 пайызды құрады. Тұрмыстық қызмет көрсету саласы – 16,7 пайыз, ал электронды сауда үлесі – 15,5 пайыз, – деді департамент басшысы.

Жыл басынан бері қаралған өтініштердің нәтижесінде азаматтарға жалпы сомасы 32 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылған. Оның ішінде 25,5 миллион теңгеден астамы сот шешімі арқылы өндірілген. Департамент бес ай ішінде үшінші тұлға ретінде 19 сот процесіне қатысып, олардың 15-інде тұтынушылардың талаптары қанағаттандырылған.

Сатып алушылардың құқықтарын қорғау саласында 26 тексеру жүргізілді. Заң талаптарын бұзған кәсіпкерлерге қатысты әкімшілік шаралар қабылданып, айыппұлдар салынды. Атап айтқанда, азаматтардың өтініштеріне уақытылы жауап бермеу, тауарларды айырбастау немесе қайтару талаптарын орындамау деректері анықталған.

Болат Тұрмағанбеттің айтуынша, қазіргі уақытта қала тұрғындары өз құқықтарын қорғау тетіктерін белсенді пайдаланып келеді. Бүгінде азаматтардың шағымдарының шамамен 70 пайызы сотқа дейінгі тәртіппен шешіледі. 

Сонымен қатар, сатып алушылар дүкендерде фото немесе бейнежазба түсіруге құқылы. Егер сөредегі баға мен кассадағы баға сәйкес келмесе немесе тауар құны негізсіз көтерілді деген күдік болса, фото және бейнематериалдар тексеру жүргізуге негіз бола алады. Ал сатып алу чегі қосымша дәлел ретінде қарастырылады.

Тұтынушылардың құқықтары бұзылған жағдайда алдымен кәсіпкерге немесе қызмет көрсетуші ұйымға жазбаша талап жолдау қажет. Егер мәселе шешілмесе, азаматтар «Е-Өтініш» платформасы немесе уәкілетті орган арқылы шағым түсіре алады.