Павлодарда тағы бір мектеп заманауи жылу жүйесіне көшеді

Павлодарда тағы бір мектеп заманауи жылу жүйесіне көшеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қала әкімі Хасар Хабылбеков №24 жалпы орта білім беру мектебіндегі күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазіргі уақытта білім беру мекемесінде жылу жүйесін жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Жоба аясында мектептің екі жылу торабы толықтай күрделі жөндеуден өтіп, радиаторлар, құбырлар және жылыту жүйесінің ішкі желілері жаңартылды. Сонымен қатар, ғимараттың көлемі мен қажеттілігіне сәйкес радиаторлар саны қайта есептеліп, толықтай сәйкестендірілген.

Қала әкімінің айтуынша, жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін мектептің жылыту жүйесі қалалық жылу желілеріндегі қысымға тәуелді болмайды. Жылу арнайы жылу алмастырғыш арқылы мектептің жеке су айналымы жүйесіне берілмек. Бұл өз кезегінде жылумен қамтудың сенімділігі мен тиімділігін арттырып, оқу орнының тұрақты әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етеді.

Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Барлық жөндеу жұмыстарын тамыз айының соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.

Нысанды аралау барысында Хасар Хабылбеков мердігер ұйымға жылыту жүйесін уақытылы ұйымдастыруды және жаңа оқу жылы басталғанға дейін мектептің толық дайын болуын қамтамасыз етуді тапсырды.