Павлодарда театр-декорация өнерінің бірегей туындылары көрмеге қойылды

Павлодарда театр-декорация өнерінің бірегей туындылары көрмеге қойылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейінде «Театр сиқыры» атты көрме ашылады, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Экспозицияда музей қорынан ұйымдастырылған театр-декорация өнерінің бірегей туындылары ұсынылған. Көрме көрерменді ХХ ғасырдың екінші жартысындағы театр көркемсурет мектебінің бай мұрасымен таныстырады. 

Көрмеде көрнекті театр суретшілерінің, оның ішінде Қазақстанның халық суретшісі Гүлфайрус Ысмаилованың туындыларына ерекше назар аударылған. Атап өтсек, Қазақстан классикалық би ансамблінің жекешісі Болат Аюхановтың балеттеріне арнап жазылған эскиздері, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектакліне арналған декорация эскизі көрініс тапқан.

Экспозицияда Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Владимир Колоденоның  шығармашылығына да маңызды орын берілген. Атап өтсек, А.Е. Макаёнканың «Ойыншы» спектаклі мен Е. Брусиловскийдің «Ер Тарғын»  операсына арналған эскиздері және Павлодардағы А.П. Чехов атындағы драма театрында жұмыс істеген Сергей Морозовтың декорациялық жобалары көрініс тапқан. 

Сонымен қатар аталмыш көрмеде Анатолий Мамонтов, Даниил Нарбут, Наталия Аксенова, Александр Бурлин, Галина Маковская сынды басқа да көптеген шеберлердің туындыларымен танысуға болады. Театр және декорация өнерінің дәстүрлеріне сәйкес жоғары шеберлікпен орындалған 43 туынды спектакльдер мен фильмдердің көркем безендірілуін ғана көрсетіп қоймай, өз дәуірінің рухы мен шығармашылық көзқарасын сақтайтын дербес өнердің үлгілерін паш етеді.