Павлодарда театр саңлақтарына арналатын көрме паш етілмек
Ол Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының 100 жылдығына орай ұйымдастырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
11 ақпанда сағат 11:00-де Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрме залында «Біздің әйгілі жерлестеріміз – Әуезов театры сахнасында» көрмесі өткізіледі. Көрме Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының 100 жылдығына және осы атақты театр сахнасында өнер көрсеткен жерлестерімізге арналған.
Іс-шарада Шәкен Аймановтың сахналық киімдері, театр актерлерінің фотосуреттері, Мұхтар Әуезов атындағы Ұлттық театр мен Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының афишалары ұсынылады.
Көрмеге өлкетанушылар, тарихшылар, театр актерлері, интеллигенция өкілдері, облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері мен ардагерлері шақырылады.