Екібастұзда алғашқы театр құрылуда

Екібастұзда алғашқы театр құрылуда
Фото:pixabay.com/ESDomingos

«Өнер» қалалық мәдениет сарайы ашық кастинг жариялады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Болашақ театр аталған мәдениет ошағының құрамында ашылып, 756 көрерменге арналады. Оның басшысы болып «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты, актер Талғат Сағынтаев тағайындалды.

Театр басшысының айтуынша, қазіргі таңда болашақ актерлерді іздеу және келіссөз жүргізу жұмыстары жүріп жатыр. Ашық кастинг 15 шілде күні сағат 11:00-ден 15:00-ге дейін өтеді.

– Белгіленген күнде кастингке қатысқысы келетіндер өз бағын сынай алады. Алдын ала өтінімдер қабылданбайды. Бұған дейін театр басшылығы Алматы мен Астана қалаларындағы өнер академияларының студенттерімен кездесіп, кастинг туралы ақпарат берген болатын, – деді «Өнер» қалалық мәдениет сарайының көркемдік жетекшісі Айнагүл Шавдирова.

Театр әртүрлі жанрда жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Алғашқы қойылым қыркүйек айының соңында немесе қазан айының басында көрерменге ұсынылады. Қазіргі уақытта жас режиссер Бибіажар Дихан алғашқы шығарманы сахнаға бейімдеу үстінде. Кастинг аяқталып, актерлік құрам бекітілгеннен кейін дайындық жұмыстары басталады.

Айта кетейік, былтыр облыс әкімі Асайын Байханов қаладағы бұрынғы кеншілер мәдениет сарайының ғимаратына барып, оның техникалық жағдайына сараптама жүргізуді тапсырған болатын.

Ислам Достов