Павлодарда құрылыс бөлімі басшысы жауапкершілік танытпағаны үшін жазалануы мүмкін

Тәртіптік іс Әдеп жөніндегі кеңес отырысында талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2020 жылдың 10 қыркүйегінде мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша құрылыс бөлімі және «Ай-Су Мелиорация» фирмасы ЖШС Павлодар облысының Долгое, Байдала ауылдарында жалпы сомасы 724,8 миллион теңгеге сумен жабдықтау желілерін салуға шарт жасасқан. 2021 жылдың 13 желтоқсанында жоғарыда көрсетілген нысан пайдалануға берілді. Облыстық прокуратура тексеру жүргізу кезінде мердігер жеткізетін жабдықтың құнын асыра бағалаудан көрінетін қаржы қаражатын тиімсіз пайдалануды анықтады. Атап айтқанда, орындалмаған жұмыстардың құны 78,7 миллион теңгені құрады.
Осы факті бойынша прокуратура бөлімнің атына тексеру барысында анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыну енгізді. Өз кезегінде бөлім мердігердің атына бюджет қаражатын қайтару қажеттілігі туралы хабарлама жіберді. Алайда мердігер қаражатты өз еркімен қайтарудан бас тартты. Осыған байланысты бөлім мердігер мен инжинирингтік ұйымдарды мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану және мердігерден мемлекет кірісіне 78,7 миллион теңгені өндіріп алу туралы талап арызбен сотқа жүгінді.
Аталмыш іс бойынша 2024 жылдың 5 желтоқсанында бөлімнің талап-арыз талаптарын қанағаттандыру туралы шешім шығарылып, мердігер мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы болып танылды.
Мұндай жағдайда, тапсырыс беруші соттың осындай шешімін веб-портал арқылы алғаннан кейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей уәкілетті органға әлеуетті өнім берушіні немесе өнім берушіні уәкілетті орган айқындаған тәртіппен мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізу үшін жүгінеді. Алайда, бөлім мердігерді көрсетілген тізілімге енгізу туралы өтінімді тек 2025 жылдың мамырында жіберіп, белгіленген мерзімді өрескел бұзды.
Өз кезегінде Павлодар қаласы құрылыс бөлімінің басшысы өз кінәсін мойындап, мемлекеттік қызметке алғаш рет келгенін және мұндай жағдайға алғаш рет кезіккенін алға тартты.
Әдеп жөніндегі кеңес отырысының мүшелері бірауыздан қала әкімі Хасар Хабылбековке шенеунікке қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолдануға кеңес берді.