Павлодарда тұрғындар үйлерін өздері басқарып келеді

«Достық» шағын ауданындағы «Ладожская, 5» тұрғын үйі 2021 жылдан бері пәтер иелерінің бірлестігі (ПИБ) ғимаратын өз күшімен басқарып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Үй төрағасы Руслан Нұғметовтің айтуынша, бұл шешім тұрғындардың жауапкершілігін арттырып, басқарудағы ашықтықты қамтамасыз еткен.
– Біздің үй және көршілес «Ладожская, 3» шағын ауданда ең алғашқылардың бірі болып пайдалануға берілді. Сол кезде жол да, абаттандыру да болмады. Ал басқарушы компаниялар ұсынған қызметтерде ашықтық болмады, тариф пен смета түсіндірілмеді. Сондықтан біз реформа аясында жаңа басқару үлгісін өз бетімізше енгізуді ұйғардық, – дейді Руслан Нұғметов.
2021 жылдан бері тұрғындар өздерінің үй кеңесін және тексеру комиссиясын сайлап, барлық шешімдерді ортақ жиналыстарда қабылдап келеді. ПИБ қызметі толығымен ашық форматта жүргізіледі: ай сайынғы есеп тұрғындар чатына жіберіліп, барлық төлемдер тек қолма-қол емес, электронды түрде қабылданады.
– Бізде есеп берудің ашық жүйесі жолға қойылған. Барлық шығын мен түсім бойынша толық ақпарат тұрғындарға қолжетімді. Бұл – сенім мен тәртіп орнатудың ең тиімді жолы, – дейді Руслан Нұғметов.
Қазір үйде 108 пәтер бар, ай сайынғы тариф 40 теңге мөлшерінде белгіленген. Сонымен қатар «Ладожская, 3» және «Ладожская, 6» үйлерімен бірлесіп жұмыс істейді. Әр үй жеке заңды тұлға болғанымен, ортақ мәселелерді бірлесе шешеді.
Тұрғындар инженерлік жүйелердегі қиындықтарды өз күшімен еңсеріп келеді. Жылу және су жүйелерін жөндеу, сорғы мен жылу алмастырғыштарды ауыстыру бойынша жұмыстар жүргізілген. Болашақ күрделі жөндеулерге дайын болу үшін тұрғындар жинақ шотына түсетін тарифті заңмен белгіленген ең төменгі мөлшерден сәл жоғары бекіткен.
– Жаңа үй болса да, техникалық мәселелер бар. Бірақ біз оларды өзіміз жоспарлап, шешіп келеміз. Бұл жерде бастысы – ынтымақ пен жауапкершілік, – дейді төраға.
ПИБ бухгалтерлік қызметті аутсорсинг арқылы жүргізеді. Барлық есеп-қисап халықаралық стандарттарға сай дайындалып, 1С бағдарламасына бейімделген. Үй төрағасы мен кеңес мүшелеріне еңбекақы қарастырылған, ал аула тазалығы мен инженерлік жүйелердің күтімін қамтамасыз ету үшін қызмет көрсетуші ұйымдармен келісімшарттар жасалған.
Руслан Нұғметовтың айтуынша, тұрғындар аумақты қардан тазалауды да өз күшімен ұйымдастырады. Егер қалалық қызметтер үлгермей жатса, олар арнайы техника жалдап, үйлерінің алдындағы жолдарды өздері тазартады.
– Біз ауламызға өзіміз жауаптымыз. Бұл – біздің ортақ меншігіміз. Бір нәрсе дұрыс болмаса, кінәні сырттан емес, өзімізден іздейміз, – деді ол.
Оның пікірінше, ПИБ жүйесінің басты артықшылығы – ашықтық пен тұрғындардың қатысу белсенділігі.
Тұрғындар қаржының қайда жұмсалатынын көреді, жоспарлауға және шешім қабылдауға өздері қатысады.