Starlink: Павлодар облысында барлық ауыл мектептері жылдам интернетпен қамтылады

Starlink: Павлодар облысында барлық ауыл мектептері жылдам интернетпен қамтылады
Константин Шелковтың фотосы

Биыл тізімге жаңа 42 оқу орны кірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Павлодар облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы  Ағыбай Әміриннің сөзінше, облыс бойынша төмен орбиталық спутниктік интернет жүйелерін енгізу жұмыстары былтырдан бері қарқынды жүріп келеді.

– Біз төмен орбиталық спутниктік интернет жүйесімен, атап айтқанда Starlink-пен, былтырдан бастап жұмыс істеп келеміз. Өткен жылы Павлодар облысының 33 ауылдық мектебіне Starlink қондырғылары орнатылды. Ал биыл бұл тізімге тағы 42 мектеп қосылуда. Осылайша, Президент тапсырмасына сәйкес биылғы жылы өңірдегі барлық мектептер жоғары жылдамдықты интернетпен толық қамтылатын болады, – деді ол.

Ағыбай Әміриннің айтуынша, Starlink жүйесі шалғай және инфрақұрылымы әлсіз ауылдар үшін тиімді шешім болып отыр. Қондырғылар спутник арқылы ғаламтор сигналын тікелей қабылдайды, сондықтан желілік кабель тарту қажеттілігі болмайды.

Сонымен қатар, өңірде 12 антенна-мачталық құрылым салу жобасы әзірленіп, оның 11-і бойынша жобалық құжаттар дайындалып, қаржыландыру үшін Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне жолданған.

Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының мәліметінше, «Қазақтелеком» және «Kcell» операторларының бірлескен жобасы аясында Павлодар – Астана бағытындағы автомобиль жолы бойында 12 жаңа базалық станция орнатылды.

Бұл жоба Павлодардан Бозшакөл кен орнына дейінгі аралықта байланыс сапасын жақсартуға бағытталған. Қосымша станциялар орнату арқылы жол бойындағы және жақын орналасқан елді мекендердің тұрғындары тұрақты ұялы байланысқа қол жеткізеді.