Павлодарда UNITY жекеменшік футбол лигасы өз жұмысын тоқтатты
Алайда, балалар мен жасөспірім футболшыларға арналған турнирлер өткізу жалғаспақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жекеменшік балалар-жасөспірімдер футбол лигасы UNITY өз қызметін тоқтатты. Алайда Павлодардағы жекеменшік футбол мектептері тәрбиеленушілері арасындағы турнирлер жаңа форматта жалғасын табады. Қыркүйек айының соңында Павлодар облысының футбол федерациясы ұйымдастыратын жаңа лига басталады. Жобаға «Ертіс» ОРМБЖМ мен қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі қолдау көрсетеді.
Чемпионатқа жекеменшік футбол мектептері мен академияларының командалары алты жас санаты бойынша қатыса алады: U-18, U-16, U-15, U-14, U-13, U-11.
- Жекеменшік футбол мектептері мен олардың тәрбиеленушілері назардан тыс қалмайды. Жарыстар іс жүзінде бұрынғы форматта жалғасады. Қазір командалардан өтінім қабылданып жатыр, қатысушылар санына қарай жарыстың нақты форматы анықталады, — деді федерацияның бас хатшысы Серікболсын Қинаятов.
Ойындар «Спорт сити» манежінде өтеді. Қатысуға өтінімдер 2026 жылғы 21 қыркүйекке дейін қабылданады. Қосымша ақпарат және өтінім беру бойынша Тілеубек Қаныш Қанатбекұлына: +7 777 883 35 02 нөмірі арқылы хабарласуға болады.