Павлодарда заңсыз ойын бизнесіне қарсы жүйелі күрес жалғасуда
Құмар ойындар мен олардың жарнамасы мемлекет тарапынан қатаң бақылауда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мәліметінше, бұған дейін заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушылар онлайн-ойындарды нақты реттеудің болмауы секілді Қазақстан Республикасының заңнамасындағы олқылықтарды пайдаланып, жауапкершіліктен жалтарып келген. Қабылданған жаңа түзетулер бұл кемшіліктерді жойып, ойын бизнесінің барлық бағытына бақылауды күшейтті.
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және құқық қорғау қызметі туралы заңға жауапты мемлекеттік лауазым иелерінің құмар ойындар мен бәс тігуге қатысуына шектеулер енгізілді, – деді департамент басшысының орынбасары Ғалиаскар Қасымов. – Енді мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметкерлер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары және өзге де күштік құрылым өкілдері құмар ойындар мен бәс тігуге қатыса алмайды.
Аталған шектеулерді бұзғандарға тәртіптік жаза қарастырылған. Бұл тек ескерту немесе қатаң сөгіс емес, құқық қорғау органдарынан жұмыстан босатуға дейінгі шараларды қамтиды.
Айта кетейік, 2024-2025 жылдары республика бойынша 90-нан астам заңсыз ойын мекемесі, онлайн-казино, покер үстелдері мен терминалдар жойылған. Жалпы айналымы бір жарым триллион теңгеге жуық онлайн-казино қызметі тоқтатылды. Бұл қаражаттың барлығы Қазақстандағы заңсыз ойын бизнесіне тартылған.
– Алдын алу мақсатында 17,4 мың сайт пен аккаунт бұғатталды, құқық бұзушылық бойынша 107 әкімшілік хаттама толтырылды. Мұндай қызметті ұйымдастырған азаматтарға шамамен 30 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды, – деп мәлімдеді экономикалық тергеп-тексеру департаменті.
2024-2026 жылдары онлайн бұқаралық ақпарат құралдары жүйесінде 749 сайт бұғатталды. Оның ішінде 192 сайт 2026 жылы анықталған.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитетіне 12 материал жолданған. Оның үшеуі заңсыз жарнамаға, тоғызы заңсыз лотерея қызметіне қатысты.