Павлодарда заманауи би орталығы өз жұмысын бастады

Павлодарда заманауи би орталығы өз жұмысын бастады
Фото: «Эхо гор» би мектебінен

Мұнда 600-ге жуық бала би өнерімен айналыса алады,  деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Тамыз айының басында болашақ бишілерге есігін айқара ашқан «Эхо гор» би мектебінің жұмысымен және материалдық-техникалық мүмкіндіктерімен Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков арнайы барып танысты.

«Эхо гор» би мектебінің басшысы Иман Салихановтың айтуынша, аталған орталық өз жұмысын 1 тамыздан бастаған. Нысан толықтай жеке қаражат есебінен жаңадан салынған және қазіргі таңда орталықта 600-ге жуық бала би өнерімен айналысады.

–  Бұл — Қазақстандағы ең ірі би мектептерінің бірі. Мектептің еліміз бойынша 11 филиалы жұмыс істейді. Жаңа ғимаратта барлық залдар заманауи талаптарға сай жабдықталған. Атап айтқанда, арнайы желдету жүйесі, кәсіби би едені және сапалы акустикалық жүйе қарастырылған, - дейді би мектебінің жетекшісі.

Кездесу барысында нысанның инженерлік коммуникациялары, оның ішінде жылыту жүйесі мен техникалық шарттарға қатысты мәселелер де талқыланды. Орталық басшылығы ғимарат орналасқан жер телімі бұрын көршілес учаскемен бірге болғанын, кейін учаскелер бөлінген кезде инженерлік желілерге қосылу үшін техникалық шарттарды қайта рәсімдеу қажеттілігі туындағанын жеткізді.

Қала әкімі бұл мәселені зерделеп, бұрын берілген техникалық шарттарды қалпына келтіру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Тиісті құжаттар болған жағдайда, сол негізде инженерлік желілерге қосылу мәселесін шешуге қолдау көрсетілетінін айтты.

–  Мұнда 600 бала білім алып, би өнерімен айналысып жатыр. Сондықтан балалар үшін қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау маңызды. Мәселені қарап, қолдан келгенше қолдау көрсетеміз, — деді Хасар Хабылбеков.

Қала басшысының нысанға баруы балалардың шығармашылық және спорттық бағыттағы қосымша білім алуына жағдай жасау, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мәселелеріне назар аударудың бір көрінісі болды.