Павлодарда жағалаудағы концерттер маусымы аяқталды
«Ertis Promenade» сахнасындағы ағымдағы маусым мерейтойлық болып саналады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Биылғы жылы аймақтың басты сахнасындағы соңғы «жазғы» аккорд қазан айында шырқалды. Бұған дейін концерттік маусым қыркүйекте айында аяқталған болатын. Қалалық әкімдікте биылғы концерт маусымы мерейтойлық екенін айтты. Бұл – бесінші маусым. Бес жыл ішінде «Ertis Promenade»-та екі мыңнан астам іс-шара өтті, оның ішіне спорттық, ойын-сауық және білім беру жиындары кіреді.
Биылғы жылы бағдарлама өзгерді –дискотекаларды көбірек қойып, кино көрсетілімдерін аз өткізе бастады, ашылу салтанатында алғаш рет тек жергілікті әртістер өнер көрсетті. Келесі маусымда билік тұжырымдаманы қайта қарауға уәде берді.
– Біз павлодарлықтарға мультфильмдер қойылымдары ұнамағанын байқадық, сондықтан жексенбі күні таңертеңгі уақытқа жаңа идеялар іздейтін боламыз. Қала тұрғындарының бос уақытын қалай әртараптандыру керектігін анықтау үшін басқа қалалардың тәжірибесін зерттеп жатырмыз, – деді Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева.
Караоке-байқаудың финалистері маусымның ашылуына да, жабылуына да қатысты.
– Досым кастинг туралы ақпарат жіберді. Мен ойланып, қатысуға шешім қабылдадым. Финалға жетемін деп ойламадым. Мен үшін өнер көрсету өте қызықты, өйткені «Ertis Promenade» – жұлдыздар өнер көрсететін үлкен сахна. Мен де сондай деңгейде болғым келеді, – деді финалистердің бірі Ғалымжан Жақыпов.
Жағалаудағы соңғы концерт хедлайнерсіз өткен жоқ. Павлодарға өнер көрсетуге ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің «Abyroy» президенттік оркестрінің музыканттары, «KeshYou» тобы, әнші Қайрат Байекенов және «Формат» тобы келді.
Билік өкілдерінің мәлімдеуінше, биылғы жылы «Ertis Promenade» концерттерінде 600 мыңнан астам көрермен жиналды.