Павлодарда жаңа мектеп салынып, инфрақұрылым жаңғыртылмақ
2026 жылы Павлодар облысында ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру жалғасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук хабарлады. Атап айтқанда, Павлодар қаласындағы Усольский шағынауданында 1200 орындық мектептің құрылысы басталады. Жобаның жалпы құны 7,8 миллиард теңгені құрайды.
Сондай-ақ өңірде инженерлік желілерді жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 2024–2025 жылдары 19,2 километр жылу желілері және 68,6 километр су және кәріз желілері жөнделген. 2026 жылы бұл бағытта 29,6 миллиард теңге қарастырылған. Нәтижесінде шамамен 16 шақырым жылу, 30-дан астам шақырым су және кәріз желілері жаңартылып, олардың тозу деңгейі төмендейді.
Онымен бірге, Павлодар облысында «Халық қатысатын бюджет» жобасы белсенді түрде жүзеге асырылуда. Жоба аясында тұрғындар бюджет қаражатын бөлуге тікелей қатысады. 2021 жылдан бері жалпы сомасы 3,7 миллиард теңгеден асатын 218 жоба іске асырылған.
2026 жылға 18 жоба іріктеліп, олардың жалпы құны шамамен 300 миллион теңгені құрайды. Қазіргі таңда 2027 жылға арналған ұсыныстарды қабылдау жалғасуда.
Ал «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 2019–2025 жылдары 119 ауыл жаңғыртылып, 469 жоба жүзеге асырылған. Биыл бұл жоба бойынша жаңа жобалар қарастырылмағанымен, өткен жылдан қалған 6 жоба аяқталады.
Сонымен қатар ауылдық аумақтарды дамытуға бағытталған 64 жобаға 18,2 миллиард теңге бөлініп отыр.