Павлодарда жастар құмнан қамал жасаудан жарысты

Павлодарда жастар құмнан қамал жасаудан жарысты
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Іс-шара «Zhastar VДЕЛЕ» жобасы аясында  ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жастар бастамаларын дамыту орталығының еріктілер бөлімінің жетекшісі Айжан Қалидың айтуынша, байқау бір кезеңнен тұрды. Қатысушылар командаға бөлініп, әр топқа 60-90 минут уақыт берілді. Сол уақыт аралығында олар берілген тақырыпқа сай құмнан қамал жасап шығуы тиіс болды.

–  Қатысушылардың креативтілігі, шығармашылық қабілеті мен бастамашылдығы бағаланады. Біз тақырыптарды алдын ала дайындап қойдық. Мысалы, «Гавайи», «Орта ғасыр», «Дракондар әлемі», «Қарақшылар қамалы» сияқты. Әр команда қағаздан кездейсоқ түрде бір тақырыпты суырып алып, соған сай жұмыс істейді, — дейді ол.

Байқауға қазірдің өзінде үш адамнан тұратын 4 команда тіркелген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ниет білдірген кез келген жас өз командасымен келіп қатыса алады.

Бұл кәсіби суретшілер емес, өз еркімен қатысып отырған қарапайым жастар. Құм, күрек, шелек және әртүрлі декоративті бұйымдар біздің тарапымыздан беріледі. Әр топ өз қамалын сол материалдармен салып шығады,– дейді Айжан Қали.

Қатысушылардың бірі Юлия Кретова – «Құм ордені» командасының атынан келді. Ол жарысқа балаларымен бірге қатысты.

– Байқау туралы Instagram желісінен көріп, қатысуға шешім қабылдадық. Екі ересек пен екі баладан құралған шағын отбасылық команда болып келдік. Құмнан қамал жасау бойынша арнайы тәжірибеміз жоқ, бұл — біз үшін бірінші рет. Дегенмен, бәрін шығармашылық импровизация арқылы жасаймыз. Ең бастысы – балалармен бірге уақытты қызықты әрі пайдалы өткізу, – дейді Юлия Кретова.

Жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар дайындалған. Бірінші орынды «Песочные феи», екінші орынды «Песчаный орден», ал үшінші орынды «Маленький Мук» командасы иеленді. Жүлдегерлерге арнайы әзірленген шоппер сөмкелер мен шейкерлер табысталды.

Сонымен қатар байқауға «Семья песочных архитекторов» және «Стрекоза» командалары да белсенді қатысып, өз өнерлерін көрсетті.