Павлодарда трамвайлар жолаушлардың жайлылығы үшін барлық есіктерді ашады
Бұған дейін жолаушылардың жол ақысын төлемеуіне байланысты қоғамдық көліктің ортаңғы есігін ашпайтыны туралы айтылған болатын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласы трамвай басқармасының мәлімдеуінше, бүгінгі күннен яғни 3 тамыздан бастап қаладағы трамвайларда уақыттарға қарамастан, барлық есіктер ашылатын болады.
- Ең алдымен азаматтардың өтініштері мен оларға жайлы болуын ескердік. Өз кезегінде айыппұл салмау үшін жол ақысын уақытында төлеу керектігін еске саламыз. Біздің қызметкерлеріміз полицейлермен бірлесіп жол ақысын төлемеушліреді анықтау үшін, рейд жүргізетін болады, - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, 31 шілде күні трамвай басқармасы облыс орталығында қулыққа барып, тегін жүруді көздеген жолаушылар қомақты айыппұл арқалайтынын ескерткен болатын.
- Трамвай жолаушыларына арналған ең негізгі, басты ережелердің бірі-жол ақысын төлеу. Кейбір павлодарлықтар QR кодқа және валидаторға тек вагонға кіріп келе жатқан бақылаушыны көргенде ғана ұмтылады. Жақында жолаушылар ағымына жүргізілген мониторинг пен рейд нәтижесінде күніне 2000 адам жол ақысын төлемейтіндігі белгілі болды. Мұндай фактілер трамвай жүйесінің дамуына кері әсер етеді, - деді Д.Махмудов атындағы трамвай басқармасының басқарма төрағасы Муслим Махмудов.