Павлодарда жат ағым өкілдерімен күресу жолдары айтылды
Бүгінде ең өзекті бағыттардың бірі – дін және дәстүр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚМДБ Павлодар облысының өкілдігіне қарасты қала, аудан имамдарына «Дін мен дәстүр» және «Жат ағыммен күрес» деген екі бағытта семинар өткізілді.
Шараға арнайы ҚМДБ-ның дін мен дәстүр бөлімінің меңгерушісі Нұрбек Есмағанбет пен ҚМДБ-ның діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұлов қатысып, имамдарға ҚМДБ-ның бағыттарын түсіндірді.
– Бүгінде ең өзекті бағыттардың бірі – дін мен дәстүр. Жат ағымның өкілдерімен күрес жүргізу жолдары мен негіздері түсіндірілді. Бұл да өте маңызды, себебі қазіргі әлемдегі болып жатқан әртүрлі құбылыс өзгерістерге дайын болумен қатар, халқымызды басқа ағымдардан сақтандыруға күш-жігерімізді жұмсауымыз керек, – дейді ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша баспасөз хатшысы Амантай Тойшыбайұлы.
Мешіт жамағатына міндетті түрде ұлтымыздың ғалым-әулиелері, би-шешендерінің сөзін дәстүрлі дінімізбен үйлестіріп түсіндіру, жастардың арасына салт-дәстүрімізге деген құрмет пен сүйіспеншілігін, махаббатын күшейту, патриоттық сезімде тәрбиелеудің маңыздылығы жайлы сөз қозғалды.