Павлодарда жазасын өтеушілер балалар құламас үшін отбасыларға терезе торын жасады
Павлодар облыстық ҚАЖ департаментінің қызметкерлері жаза мерзімін өтеп жатқан сотталғандармен бірлесіп, «Өмірді сақта» акциясын өткізуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Олар көпқабатты үйлердің терезелерінен балалардың құлауы жиілеп кеткендіктен, акция жариялап, көп балалы және аз қамтылған отбасылардың пәтерлеріндегі терезелерге шектеулер қойып беруді шешкен.
ҚАЖД қызметкері Динара Махмұдова №45 мекемеде жазасын өтеп жатқандар металл құрылғыларды дайындау цехында жұмыс істейтінін атап өтті.
– Біз оларға әртүрлі жағдайларға байланысты терезелерге торларды өздері сатып алуға мүмкіндігі жоқ отбасылар үшін бірнеше терезе торын жасауды ұсындық. Бүгін үш отбасына бардық. Енді мұндай оқиғалар болмайды деп үміттенеміз, – деді Динара Махмұдова.
ҚАЖД хабарлауынша, акция бойынша бір күнде бес отбасы қамтылған. Кейбіреулеріне терезе торлары, ал кейбіреулеріне қорғаныс кабельдері берілді.
Фото: облыстық ҚАЖД