Павлодарда жаңа ипподром ашылады
Бұл биылғы жаздың басты жаңалықтардың бірі болмақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласы әкімдігінің мәліметінше, салтанатты ашылу рәсімі 20 маусым күні сағат 10:00-де өтеді. Айтулы оқиғаға орай классикалық және ұлттық бәйге түрлерінен «ERTIS-BAYAN CUP» ашық республикалық турнирі ұйымдастырылады.
Бір алаңда Қазақстан, Қырғызстан және Ресейдің үздік шабандоздары бақ сынайды. Турнир жеңімпаздарын бағалы сыйлықтар күтіп тұр. Ал жарыс чемпиондарына бас жүлде ретінде алты автокөлік табысталады.
Мереке қонақтарына арналған бағдарлама да ерекше болмақ:
– еліміздің үздік балуандарының тартысты белдесулері;
– тазы иттердің көрмесі және бүркітшілердің шеберлік көрсетілімі;
– балаларға арналған үлкен ойын-сауық аймағы;
– бағалы сыйлықтар ойнатылатын лотерея;
– қонақтарға арналған тегін дастарқан – 50 қазан палау.
Мерекенің ерекше сәнін халықаралық деңгейдегі аты аңызға айналған Nomad кәсіби каскадерлер тобының өнер көрсетуі келтірмек. Бұл ұжым ірі Голливуд киножобаларына қатысуымен кеңінен танымал.
Мерекелік концерттің арнайы қонақтары – Төреғали Төреәлі, Абырой және Жошы.
Ұлттық спорт түрлерінің жанкүйерлері үшін іс-шараның тікелей көрсетілімі Спорт+ республикалық телеарнасында ұйымдастырылады.
Павлодарлықтардың ыңғайлылығы үшін ипподромға барып-қайтуға арналған тегін автобустар ұйымдастырылмақ.