Павлодарда жаңартылған жедел басқару орталығы таныстырылды

Павлодарда жаңартылған жедел басқару орталығы таныстырылды
Фото: Валерий Бугаев

Бүгінгі таңда ЖБО-ның жаңартылған жүйесі бірегей технологиялық кешен болып табылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліетінше, жедел басқару орталығының ескі жабдықтары 17 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеді. 

Техникалық тозығы жеткен 5 ескі ТВ-панельдің жиі істен шығуына байланысты ауыстыруды қажет етті. Сондай-ақ, әр түрлі өндірушілердің 117 камерасын бақылаудың бірыңғай платформасы, деректерді көрсетудің толыққанды жүйесі, бейнеконференция жүйесі қарастырылмаған, шешім қабылдау кезінде жедел ақпаратпен ұжымдық жұмыс жасаудың ішкі жүйесі болған жоқ. 

Аймақ басшысы Асайын Байхановтың тапсырмасы бойынша биыл «орталық-облыс-қала-аудан» жедел басқару орталықтарының бірыңғай жүйесін құру және облыс аумағында қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіп деңгейін арттыру мақсатында Павлодар облысы полиция департаментінің жедел басқару орталығын кешенді жаңғырту жүргізілді. 

Жаңартылған ЖБО-да заманауи автоматтандырылған қашықтан жұмыс істеу жүйесі бар 9,6x3,6 метрлік жаңа LED экран орнатылды. Бұдан басқа, 117 жаңа камера сатып алынды, ал ескі 117 камера қала аумағының басқа учаскелеріне орнатылды, осылайша, бүгінгі таңда ЖБО камераларының саны екі есе ұлғайды. Мұнда Smart city жүйесінің 5622 камерасы қосылған, онлайн режимде патрульдер картасы көрсетілген. Бірыңғай басқару және мониторинг платформасы іске қосылды. Автоматты режимдегі камералар 360 градусқа бұрылады, қажет болған жағдайда белгілі бір бөліктерді жақындата немесе алыстата алады. Барлық кезекші бөлімдер автоматтандырылған, басқа бөлмелермен интеграция жүргізілген. 

Жаңартылған орталықта ЖБО-ның басқа бөлмелермен, аудандық және қалалық полиция бөлімшелерімен байланысуы үшін бейнеконференцбайланыстың кіші жүйесі пайда болды. 

ПБ ЖБО-ның негізгі міндеттері – қылмыстар мен орын алған оқиғалар туралы хабарламаларды, арыздарды қабылдау, полиция күштерінің жедел әрекет етуін қамтамасыз ету және олардың оқиға орнына уақтылы келуін бақылау, келіп түскен хабарламалар мен арыздарды есепке алу, тіркеу, сақтау және мұрағатты ұйымдастыру. 

Компьютерлік жүйе ауысымның аға инспекторлары-кезекшілеріне орталыққа келіп түскен барлық хабарламалар бойынша қабылданған шаралардың орындалуына бақылау жүргізуге, кезекшілердің шешімдерін түзетуге және қиын жағдайларда оларға көмек көрсетуге мүмкіндік береді. 2024 жылғы кезеңде ЖБО қызметкерлері 210 қылмыстық құқық бұзушылықты ашып, 8 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесті.