Павлодарда жетімдер санатындағы тұрғынның баспана кезегі қалпына келтірілді

Павлодарда жетімдер санатындағы тұрғынның баспана кезегі қалпына келтірілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Сот «Отбасы банктің» мемлекеттік қолдау шараларын тоқтату әрекетін заңсыз деп таныды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының мәліметінше, тұрғын үй құқығын қорғауды сұраған азамат сотқа әкімшілік талап қоюмен жүгінген.

Талап қоюшы 2016 жылы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қатарындағы тұлға ретінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспанаға мұқтаждар есебіне қойылған.

Кейін тұрғын үйге мұқтаждарды есепке алу және мемлекеттік қолдау шараларын бөлу функциялары «Отбасы банк» АҚ-на берілді.

2026 жылы жүргізілген түгендеу кезінде талап қоюшының жұбайының атында жылжымайтын мүлік бар екені анықталған. Осыған байланысты банк оған мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуді тоқтатқан.

– Сот түгендеу нәтижелері бойынша мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуді тоқтата тұру түріндегі шараны қолдану заңда көзделмегенін анықтады, – деп хабарлады сотта.

Сондай-ақ заңнамада жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үй алғанға дейін белгілі бір жағдайлар туындағанына қарамастан есептен шығаруға тыйым салынған.

Сот мемлекеттік қолдау шараларын негізсіз тоқтату талап қоюшының тұрғын үй құқықтары мен заңды мүдделерін бұзды деген қорытындыға келді.

Нәтижесінде «Отбасы банктің» әрекеті заңсыз деп танылып, азаматтың мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу құқығы қалпына келтірілді. Бұл ретте оның 2016 жылғы бастапқы есепке қойылған күні сақталды.