Павлодарда ЖИ және нағыз Аяз ата балаларды Жаңа жылмен құттықтады
Облыс әкімі Асайын Байхановтың атынан дәстүрлі жаңа жылдық шырша ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Салтанатты шара барысында өңір басшысы балаларды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады.
– Сіздер – еліміздің болашағысыздар. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, Қазақстанның ертеңі – білімді жастардың қолында. Жаңа жылда сіздерге денсаулық, бақыт пен игілік, барша армандардың орындалуын тілеймін. Біз сіздердің зияткерлік және шығармашылық жетістіктеріңізбен мақтанамыз, – деді облыс әкімі.
Жаңажылдық шыршаға облыстың барлық өңірлерінен 100 бала шақырылды. Қатысушылар қатарында жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары, сондай-ақ түрлі зияткерлік, шығармашылық және спорттық олимпиадалар мен байқаулардың жүлдегерлері бар. Балалардың жас ерекшелігі 9 бен 13 жас аралығын қамтыды.


Бағдарлама екі бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлігінде балаларға арналған цифрлық және шығармашылық аймақтар жұмыс істеді. Екінші бөлімде облыс әкімі қатысқан мерекелік жаңа жылдық қойылым ұсынылды. Қойылымның тақырыбы жасанды интеллект төңірегінде өрбіді.
Басты кейіпкерлердің бірі – Бүлдіргіш Жаңа жылдың керемет өткенін қалап, Аяз атаға ЖИ көмекші әзірлемек болады. Алайда ол «көмекші» және «көшірме» сөздерін шатастырып, Аяз атаның ЖИ нұсқасын әзірлеп береді. Алғашында бәрі жақсы болғандай көрінеді. ЖИ Аяз ата балаларға олардың Instagram желілеріне жаңа оқырмандар, мыңдаған лүпілдер мен арнайы «белгі» сыйлауға дайын болды. Алайда, бір уақытта тым көп сұраныстардың түсуінен ол уақытша сынып қалады.

Балаларға мерекені құтқару және ЖИ Аяз атаны жөндеу үшін арнайы жасанды көмекші келді. Оны «құтқару» үшін балалар түрлі жұмбақтар шешті. Осылайша олар ЖИ Аяз атаны жөндеп алды. Кейін нағыз Аяз ата мен Ақшақар келіп, шыршаны жағып, балалармен бірге ән-шырқап, би биледі.
Шараға қатысқан балалар әсерлерімен бөлісті. Железин ауданы Башмашын орта білім беру мектебінің төртінші сынып оқушысы Ева Мезис мерекенің ерекше өткенін айтты.
– Бұл шырша маған қатты ұнады. Мұнда бәрі әдемі безендірілген. Балалардың киімдері әртүрлі, әрқайсысы өзінше әдемі. Әсіресе интерактивті станциялардағы ойындар қатты ұнады. Осындай мерекеге шақырылғаныма өте қуаныштымын, – деді ол.

Ал Ертіс ауданы Луговой негізгі жалпы білім беру мектебінің 7-сынып оқушысы Даниил Пиперт мерекеге ерекше костюммен келген.
– Мен ғарышкер образын таңдадым. Костюмді анаммен бірге қолдан жасадық. Біз костюмге үйдегі қақтаманы пайдаландық. Киімнің бір жағына ою-өрнек, екінші жағына «Байқоңыр» эмблемасын жапсырып қойдым. Ерекшелену үшін шамдар тізбегін іліп қойдым. Мұндай шараларға қатысу мен үшін өте қызық, – деп бөлісті ол.
Баянауыл ауданынан келген 6-сынып оқушысы Санира Сейілханова да жаңа жылдық көңіл-күймен бөлісті.
– Бүгінгі мереке керемет өтуде. Өзімді нағыз ертегіде жүргендей сезіндім. Жаңажылдық шыршаға ханшайым боп келуді жөн санадым. Әрбір ханшайым ақылды, батыл. Менде сондай болғым келеді. Барлық балаларды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаймын, – деді оқушы.


Мереке соңында барлық қатысушыларға облыс әкімі атынан сыйлықтар табысталды. Балаларға жаңа жылдық ашық хат, жұмсақ ойыншық, тәттілер және 130 мың теңгелік ақшалай сертификат берілді. Сонымен қатар, балаларға арнайы тәтті дастархан ұйымдастырылды.