Павлодарда жыл соңына дейін екі мыңға жуық евроконтейнер орнатылады

Ескі қоқыс жәшіктерін жүйелі түрде ауыстыру жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық мәслихат депутаты Раушан Даумованың төрағалығымен «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы экологиялық кеңестің отырысы өтті. Іс-шараға экокеңес мүшелері, жергілікті атқарушы органдар мен тиісті сала қызметтерінің өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын орындармен күрес, Павлодар қаласы аумағын маса мен шыбын-шіркейден санитарлық өңдеу, сондай-ақ, заманауи еуроконтейнерлерге көшу мәселелері қаралды.
Қала әкімінің орынбасары Қадиша Беготаеваның айтуынша, өткен жылдан бері шамамен 2000 евроконтейнер сатып алынып, соның 200-і орнатылды, ал қалғандары осы жылдың қараша айына дейін орнатылады.
Сонымен қатар, экокеңес мүшелері жаңа контейнерлерді орнатуға қатысты қала әкімдігінің нақты алгоритмінің жоқтығына назар аударды. Олардың айтуынша, бұл тұрғындардың наразылығын тудырып, жұмыс барысын объективті бағалауға кедергі келтіреді.
– Күзде міндетті түрде орындарға барып, атқарылған жұмыстардың сапасы мен толықтығына көз жеткіземіз, – деп атап өтті экокеңес төрағасы Раушан Даумова.
Стихиялық қоқыс мәселесіне келсек, ерекше назар Суворов зираты маңындағы аумаққа аударылды. Әкімдіктің мәліметінше, бұл аумақта бейнебақылау камералары орнатылған. Соның нәтижесінде құқықбұзушылықтар саны едәуір қысқарып, бақылау күшейтілді.
Сонымен қатар, кеңес қатысушылары маса мен шыбын-шіркейге қарсы жүргізіліп жатқан санитарлық өңдеу жұмыстарының барысын талқылады. Бұл жұмыстар бекітілген жоспарға сай, салалық сарапшылар тобының ұсынымдарын ескере отырып жүргізілуде.
– Экологиялық мәселелер – бұл бір реттік шара емес, қоғамның белсенді қатысуын, тұрақты бақылау мен үздіксіз диалогты талап ететін жүйелі жұмыс, – деді қорытынды сөзінде экологиялық кеңестің төрағасы Раушан Даумова.
Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар негізгі экологиялық бағыттар бойынша мониторингті жалғастыру және берілген тапсырмалардың орындалуын тексеру мақсатында көшпелі кеңес ұйымдастыру туралы уағдаласты.