Павлодарда жылыту маусымы қызған шақта қаланы қою түтін басуда
Ауадағы түтін әсіресе кешкі уақытта анық байқалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазіргі таңда Павлодар қаласында орталықтандырылған жылу жүйесіне 4 400-ге жуық жеке тұрғын үй қосылған. Ал орталық желіге қосылмаған үйлер қыс мезгілінде негізінен көмір жағатын пештер мен жеке қазандықтарды пайдаланады. Соның салдарынан күн суытқан сайын қатты отын тұтыну көлемі артып, атмосфераға таралатын зиянды заттардың мөлшері де көбейеді. Әсіресе, желсіз күндері түтін ауада тарамай, бір жерде шоғырланып, қою түтінді тұманның пайда болуына ықпал етеді.
– Мен өзім де жеке секторға жақын орналасқан көпқабатты үйде тұрамын. Сондықтан бұл жағдайдан хабардармын. Бүгінгі таңда бақылау нәтижелері бойынша жаппай ластану деректері тіркелген жоқ. Дегенмен жекелеген жағдайларда зиянды заттар концентрациясының шекті рұқсат етілген мөлшерден 1–2 есе асқаны анықталды, – деді Павлодар облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Әсет Сыздықов.
Мамандар өңірдегі ауа сапасына ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың да әсері болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Сонымен қатар, соңғы күндері байқалған түтіннің жиналуына жеке сектордағы ұзақ уақыт жанатын қазандықтар да ықпал етуі мүмкін.
Есептік деректерге сәйкес, жеке тұрғын үйлерде көмір жағудан атмосфераға таралатын шығарындылардың болжамды көлемі жылына 18,5 мың тоннаға жуықтайды. Оның ішінде Павлодар қаласына тиесілі көлем – 14 020 тонна.
Мамандардың айтуынша, мәселені түбегейлі шешудің бір жолы – жеке тұрғын үйлерді толықтай орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу. Бірақ, оның нақты қашан жүзеге асатыны әзірге белгісіз.