Павлодарда жылыту маусымы штаттық режимде өтуде
@Pavlodarnews.kz тілшісі тұрғындар жылумен қамту мәселелері бойынша қайда жүгіне алатынын анықтап білді.
19 қаңтар таңертеңгі мәлімет бойынша Павлодар қаласындағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 диспетчерлік электр жүктемесін бөлу кестесіне және жылу желілерінің 98/57 градус температуралық кестесіне сәйкес штаттық режимде жұмыс істеуде. Павлодар ЖЭО-2-де 4 қазандық агрегат және 3 турбоагрегат, ал ЖЭО-3-те 6 қазандық агрегат және 5 турбоагрегат жұмыс жасауда.
Павлодар қаласында жылыту маусымы кезеңінде қала әкімдігі құрған 10 жұмыс комиссиясы қызмет атқарады. Комиссия құрамына жылу инспекциясының, қызмет көрсетуші ұйымдардың және қала әкімдігінің өкілдері кіреді. Аталған комиссиялар жылыту маусымы басталған сәттен бастап оның толық аяқталуына дейін тұрақты негізде қызмет атқаратын болады.
– 13–19 қаңтар аралығындағы қатты аяз кезеңінде барлығы 10 өтініш түскен, олардың бірде-біреуі жылумен қамту параметрлерінің бұзылуын растаған жоқ. Өтініштердің басым бөлігі ішкі жылу жүйелерінде, панельаралық және терезелердің тұтастығында ақаулары бар көпқабатты тұрғын үйлерден келіп түскен. Мұндай үйлердің тұрғындарына жылу желілері қызметкерлері аталған мәселелерді жою бойынша тиісті ұсыныстар берді, – деді қала әкімдігінде.
Барлық өтініштер жылу инспекциясы қызметкерлерімен жедел түрде қаралуда, қажет болған жағдайда жылумен қамтуды қалыпқа келтіру шаралары қабылданады.
Еске сала кетейік, жылумен қамту мәселелері бойынша павлодарлықтар «Павлодар жылу желілері» ЖШС диспетчерлік қызметінің 8 (7182) 60-29-21 телефонына хабарласа алады.
Байланыс нөмірлер тәулік бойы жұмыс істейді.
Сондай-ақ, Павлодар қаласы әкімдігінің ресми әлеуметтік желідегі парақшаларына жүгінуге болады.