Аквагрим мен аниматор: Павлодарда Мемлекеттік рәміздер күніне орай фестиваль өтті

Аквагрим мен аниматор: Павлодарда Мемлекеттік рәміздер күніне орай фестиваль өтті
Фото: автор

Суретшілер тұрғындар өздері қалаған елдердің туын бетіне, қолдарына тегін салып берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Жастар бастамаларын дамыту орталығының ұйымдастыруымен «Ertis Promenade» сахнасында қырықтан астам шығармашылық нөмірді құрайтын «KZ UNITY FEST» концерті өткізілді. Шара Қазақстан Республикасының Әнұранынан басталды.

Оны жергілікті университеттің әскери кафедраның студенттері орындап, Мемлекеттік Туды салтанатты түрде шығарды. Павлодарлық жас орындаушылар, хореографиялық ұжымдар барлығына белгілі патриоттық әндерді шырқады. Ал домбырашылар заманауи үлгіде күмбірлетіп, ойнап берді. 

– Орталық жағалауда жүрген еріктілер қала қонақтары мен тұрғындарына жүзден астам «Қазақстан» шоколадын таратты. Сахнаға жақын алаңда аквагрим суретшілері кез келген адамға еліміздің және басқа да елдердің тудың суретін салып отырды, – деді креативті жастармен жұмыс жөніндегі бөлімінің басшысы Әлия Кәрібаева. 


Концерт барысында түрлі аниматорлар тұрғындардың көңілін көтеріп жүрді. 

Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай Павлодардағы аттас алаңда елдің бас Туы салтанатты түрде көтерілген болатын.