Павлодарда қоғамдық көлікпен жүру жолақысы қымбаттайды
Автобус, трамвай және шағын автобустарда бірыңғай жолақы болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық мәслихат депутаттары облыстық көлік тасымалдаушылары кәсіподағының ұсынысы бойынша жаңа тарифке дауыс берді. Карта, қосымша немесе QR арқылы қоғамдық көлікте жүру – 80 теңге емес, 100 теңге тұрады. Қолма-қол ақшамен төлеу 130 теңгенің орнына 200 теңге болмақ.
– Мұндай шешім қабылдауға жанар-жағармай мен қосалқы бөлшектердің қымбаттауы себеп болған. Дизель отынының құны екі есеге жуық өсті. Электр қуатының тарифі де қымбаттады, – деп түсіндірді жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Данияр Батырбеков.
Оның айтуынша, қолма-қол жол жүру ақысын төлеу бойынша тарифті көтеру ақшаның көлеңкелі айналымын жоюға көмектеседі.
– Субсидияларға қарамастан, қолма-қол ақшасыз төлем 90 пайызды құрайды. Ал көлеңкелі табыстың 10 пайызы жосықсыз кондукторлардың немесе жолаушылардың қолында қалады. Сондықтан біз тарифті 130 теңгеден 200 теңгеге көтеруді ұсынып отырмыз. Бұл шешім жол жүру картасы немесе QR арқылы төлеуді танымал етеді және он пайызды көлеңкелі айналымын жоюға мүмкіндік береді, – дейді бас маман.
Сондай-ақ, 34 қалалық бағыттың жетеуі әлеуметтік маңызы бар тізімге енді. Бұл – 003, 3, 5, 115, 11, 126, 52 маршруттар. Павлодарлықтар бұл бағыттарға қатысты жиі шағымданған.
Естеріңізге сала кетейік, 16 санаттағы азаматтар қоғамдық көлікте тегін немесе жеңілдікпен жүре алады. Мұндай мүмкіндік Қазақстанның ешбір аймағында жоқ.