Павлодарда IT-хабтың жұмысы қалай жетілуде?

Павлодарда IT-хабтың жұмысы қалай жетілуде?
Фото: Константин Шелков

Екі жыл бұрын ЮНИСЕФ серіктестері ақпараттық технологиялар колледжін республикадағы ең қолжетімді колледж деп таныды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев Павлодар облысына келген іссапары барысында, ақпараттық технологиялар колледжіне барды. IT-хабтың жұмысымен облыстық білім беру басқармасы ТжКБ бөлімінің басшысы Қарлығаш Асайымова таныстырып, жаңашылдықтарды айтып берді. 

– Мемлекет басшысының 100 мың жоғары білікті IT-маманын даярлау туралы тапсырмасын орындай отырып, облыстық бюджет есебінен колледжде екі ғимарат пен ашық кеңістік толығымен қайта құрылды. Ал «Жас маман» жобасының есебінен 10 зертхана құрылды, – деді Қарлығаш Асайымова.

Оның сөзінше,  ақпараттық технологиялар колледж корпустарының күрделі жөндеуі кезінде кедергісіз орта параметрлері ескерілген. Сондай-ақ, 2021 жылы ЮНИСЕФ серіктестері бұл оқу орынды республикадағы ең қолжетімді колледж деп таныды.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасына зертханалардың қалай жұмыс істейтінін студенттердің өздері түсіндірді. Мысалы, «Smart Systems» зертханасының ерекшелігін Кирилл Киулин мен «Киберқауіпсіздік» құзыреттілігі бойынша WorldSkills 2021 чемпионы Мұса Төлеу таныстырып өтті. Ал Вячаслав Марков «Lab3DPrint» зертханасында өнеркәсіптік 3D принтердің, 3D сканердің жұмысын көрсетті.

Жоғарыдағы трансформациялар колледжге жаңа деңгейге шығуға, студент контингентін үш есе арттыруға және Ертіс өңірі үшін IT-кадрларды даярлау саласында көшбасшы болуға мүмкіндік берді.