Павлодарда үш ұрпағы мектепте оқитын түлектер ағаш отырғызды
Іс-шара 2000 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Таза Қазақстан» республикалық ауқымды экологиялық акциясы және «Жасыл аймақ» қалалық апталығы аясында Павлодар қаласының экологиялық бағыттағы №36 мектептің 1984 жылғы түлектері ағаш отырғызды.
Мектептің көркем еңбек мұғалімі Алена Корионова түлектердің ағаш отырғызуы жақсы дәстүрге айналғанын айтады.
– «Түлектер аллеясы» акциясы – оқушылардың өз мектебін, қаласын көгалдандыруға және абаттандыруға қосқан үлесі. Сонымен қатар, осы мектепте оқығандары және тәрбиеленгендерін еске алу. Әр түрлі мемлекеттерде, атап айтқанда Ресей, Германияда тұратын түлектердің де акцияға қатысқандары қуантады, – дейді мұғалім.
Айта кетерлігі, осы жылы үш ұрпағы мектепте оқитынын түлектер балаларымен, немерелерімен бірге мектеп ауласына мектептің символдық нөміріне орай 36 тал отырғызды.
–Түлектер отырғызған жас ағаштар мектеп оқушыларымен бірге өсіп, барлығын қуантатын болады. Сондай-ақ, болашақ түлектер де осы дәстүрді жалғастырып, мектеп аумағын көгалдандырады деп ойлаймын, –дейді Алена Корионова.
Іс-шара 2000 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп келеді. Мектеп аумағында қайың, терек, боз арша, шырша, қарағай, жеміс ағаштарының көшеттері бар.