Павлодар облысында «Үздік мектеп кітапханалары» анықталды

Бұл байқау облыста алғаш рет ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Кітапханашы күні қарсаңында аймақта «Заманауи кітапхана - білім кеңістігі» екінші форумы өтті. Форум аясында кітапханашылар 6 секция жұмысына қатысып, өз жұмыстарының нәтижелерімен бөлісті. Қонақтар үшін тренингтер мен әдеби квесттер ұйымдастырылып, спикерлер балалардың сауаттылығын қалыптастыру және дамыту тақырыптарын, оқушыларды әдебиет әлеміне баулу әдістемелерін қозғады.
Форум пленарлық отырыспен жалғасын тапты. Облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина, С.Торайғыров атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының кітапханаларды дамыту бөлімінің басшысы Айнагүл Жылқыбекова және Торайғыров университетінің «Журналистика және филология» кафедрасының профессоры Бақытгүл Қапасова сөз сөйледі.
- Кітапханашылардың арнайы мерекесі қарсаңында кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Бүгінгі күн сіздер үшін мағыналы, мәнді күндердің бірі болды. Әдістемелік тұрғыда өздеріңізге көптеген мағлұмат алып, тәжірибемен бөлісті деген ойдамыз, - деді Самал Оспанқызы.
«Мектеп кітапханасының үздік жобасы» номинациясында Май ауданы Жалтыр ЖОББМ, «Кітапханашы - ізгі мамандық» номинациясында Павлодар қаласының № 40 ЖОББМ және «Кітапхана - білім кеңістігі» аталымында Баянауыл ауданы З. Ақышев атындағы ЖОББМ жеңімпаз атанды. «Кітапхана - мүмкіндіктер аумағы» номинациясы бойынша бірінші орын иегері Ақтоғай ауданы Абай атындағы ЖОББМ бұйырды.
Мектеп кітапханаларының 27 қызметкері Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту Министрлігі Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы және Павлодар облысы білім беру басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталды. Олардың ішінде Баянауыл ауданы білім беру бөлімінің кітапхана қоры бойынша әдіскері Мәншүк Шумақова ҚР Оқу-ағарту министрлігі республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының, Ә. Марғұлан атындағы жалпы орта білім беру мектебінің кітапханашысы Гүлдана Жүсүпова білім беру басқармасының Алғыс хаттарына ие болды.
Баянауыл ауданы білім беру бөлімінің әдіскері Махаббат Сәдуақасованың айтуынша, Зейтін Ақышев атындағы жалпы орта білім беру мектебінің кітапханасы 1977 жылы құрылған, аумағы 77,5 шаршы метрді құрайды. 1960 көркем әдебиет, 16 оқырман орны, 15 ойын түрі бойынша интеллектуалдық дамыту ойындары бар. Оқырмандар саны – 440.
– Мектеп кітапханашысы Жанар Бекмағанбетова 2016 жылдан бастап жұмыс істейді. Жетісіктері көп. Ақши, Көпеев мектептерінде, Шарбақты ауданында, Екібастұз қаласында тәжірибе таратқан. Бұрын бұл кітапханада Зейтін Ақышевтың музейі болған. Барлық дерек музей ашылған соң музейге тапсырылды. Киген киімдері, құжаттары, партбилеті музейде сақталған, – дейді Махаббат Сәдуақасова.
Айта кету керек, кітапханашылардың алғашқы аймақтық форумы 2022 жылдың қыркүйек айында өтті. Іс-шара тәжірибе алмасу үшін бірыңғай желіні ұйымдастырып қана қоймай, оқушылардың оқуға деген сүйіспеншілігін оятуға көмектесетін бірегей жобаларды әзірлеуге мүмкіндік берді. Бір жыл ішінде көптеген жобалар жүзеге асырылып, кітапханашылар арасында ынтымақтастық орнатылып және бірінші рет ұйымдастырылған «ең үздік мектеп кітапханасы» байқауының қорытындысы шығарылды.