Павлодарлықтар сатушыларға жиі шағымдана бастады
Жыл басынан бері олардың өтініштері бойынша жоспардан тыс 169 тексеру жүргізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің қызметкерлері өңір тұрғындарының 1304 шағымын қарады. Өткен жылы олардың саны бір жарым есе аз болған.
– Өтініштер санының өсуі өз құқықтарын қорғау саласында тұтынушылардың мәдениетін арттырумен байланысты. Тағы бір себеп –мемлекеттік органның үлкен түсіндіру жұмысы, – деді облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Нұрсұлу Әубәкірова.
Көбінесе өңірде тұтынушылардың бөлшек және электрондық саудадағы, тұрмыстық қызметтер саласындағы құқықтары бұзылады.
– 169 тексерудің 112-сі сауда саласында, олардың басым бөлігі ӘҚБтК-нің 204-4-бабы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне сауда үстемесін асырғаны үшін. Негізінен құқық бұзушылар – өңір қалаларының шағын кәсіпкерлік субъектілері. Олар бағаны екі теңгеден 300 теңгеге дейін көтерген, – деді Нұрсұлу Әубәкірова.
Ведомство мамандары павлодарлық сатып алушыларға 50 миллион теңгеден астам ақшаны қайтаруға көмектесті. Сатушылар 300 АЕК немесе 1 107 600 теңгеге дейін айыппұл алды.
Алты кәсіпкер тауарды құнын көрсетпей сатқаны және баға белгісінде көрсетілгеннен асып кеткені үшін жазаланды.
Естеріңізге сала кетейік, тұтынушы eOtinish сервисі арқылы, ҚР сауда және интеграция министрлігінің облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің сайтында немесе 55-10-70 сенім телефоны арқылы шағым бере алады.