Павлодарда ұмыт болған қаһармандардың ұрпақтары батырлардың есімдерін ұлықтауда

«Ұмытылмаған қаһармандар» жобасы аясында ардагерлер кеңесінде батырлардың балалары қатысқан патриоттық кеш өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Жобаны бірнеше жыл бұрын бастаған облыстық мұрағат, ардагерлер кеңесі және қоғам белсенділері әлі күнге дейін ұмыт болған, кезінде тиісті марапатқа лайық болмаған соғыс ардагерлері, батырларының есімдерін ұлықтаумен айналысуда.
Бүгінде тарих беттерін ақтарушылар «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынылып, бірақ, оны алмаған жерлес ҰОС ардагерлерінің есімдерін дәріптеуді, оларға тәуелсіз Қазақстан заманында жоғары құрметке лайық атақтарын беру үшін қолдарынан келгенше тырысуда.
– Дөңгелек үстел басында офицерлер, ұмыт болған 12 батырдың туыстарын шақырдық. 12 павлодарлық батырға «Халық қаһарманы» деген атақ беру туралы ақсақалдар кеңесі, Павлодар облысының әкімі қол қойылған құжат Президентке жетті. Енді оның жарлығын күтіп отырмыз, – деді жобаның үйлестірушісі Сапаргелді Әбдірашев. – Ұмытылған есімдерді аудан тұрғындары еске алып отырады. Ардагерлердің құрметіне үлкен спорттық және мәдени іс-шаралар өткізіледі.
Жеңіс күні қарсаңында Павлодарға Алматыдан майдангер Сембай Қалиевтың ұлы Ертіс Қалиев келіп, әкесін еске алды. 10 баласын тәрбиелеп отырған батырдың ұлы биыл 76 жасқа келеді.
– Менің әкем 1972 жылы майданнан әкелген аурулардан қайтыс болды. Дәл сол жылы оның майдандағы жолдасы Сергей Марков маған хат жолдады. Ол хабарламада екеуі қатар соғысып, менің әкем қазақ халқының ең қаһарман ұлдарының бірі, ержүрек адам екенін жазды. Кейін мен Мәскеуге дивизия ардагерлерінің кездесуіне бардым. Маған әкем Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғаны және ол атақты әділетті түрде бергеніне қол жеткізу керек деген өсиет қалдырды, – деді Ертіс Қалиев.
2009 жылдан бері Ертіс Қалиев әкесі жайлы барлық мәліметтер, мұрағаттық құжаттарды жинады. Ол Ресей Қорғаныс министріне Подольск мұрағатына кіру туралы өтінішпен жүгінді. Бұл рұқсат берілген кезде Сембай Қалиевтың марапат парағы, құжаттары табылды. Сембай Қалиев барлығы жаудың сегіз танк және 12 бронетранспортерін жойған.
Айта кетейік, жоба адамдар арасында патриоттық мәдениетті қалыптастыруда және Ұлы Отан соғысының батырларын құрметтеуді насихаттауда маңызды бөлігіне айналды. Кездесуде батырлардың ұрпақтарына, жобаның дамуына үлес қосып жүрген тілшілер мен ұйымдастырушыларына марапаттар берілді.