Павлодарлықтар жекпе-жектен әлем чемпионатында алтын алды
Өңір намысын үш спортшы қорғады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Біріккен Араб Әмірлігінің астанасы Абу-Даби қаласында аралас жекпе-жектен 18 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасында әлем чемпионаты өтті. Аталмыш жарысқа 52 елден 884 спортшы қатысты.
Қазақстан Республикасының құрама командасында 26 спортшы болса, оны үшеуі Павлодар облысынан.
Чемпионат қорытындысы бойынша, 61,2 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Нұрлан Новрузов пен 93 келі салмақ дәрежесінде жекпе-жекке шыққан Бектас Файзолла алтын медаль еншілеп, жеңіс тұғырынан көрінді. Осылайша, 16-17 жас аралығындағы жастар арасындағы әлем чемпионатында біздің спортшылар Қазақстан құрамасы үшін бірінші командалық орынды қамтамасыз етті.