Павлодарда әжей мемлекетке ақша аударып алаяқтардың құрбаны болды

Павлодарда әжей мемлекетке ақша аударып алаяқтардың құрбаны болды
Фото: жасанды интеллект

Олар зейнеткердің шотынан екі миллион теңгені шешіп алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шаһарда 72 жастағы зейнеткер әйел алаяқтардың бұрыннан белгілі қылмыстық схемасына алданды.

Оқиға Ресей нөмірінен келген телефон қоңырауынан басталған. Белгісіз адам өзін дәрігер ретінде таныстырып, әйелді басқа емханада вакцинациядан өту қажет екеніне сендірген. Кейін әжейге СМС-хабарлама келіп, ол ондағы кодты қоңырау шалған адамға айтып берген.

Нәтижесінде алаяқтар зейнеткердің банктік шоттарына қол жеткізген. Көп ұзамай өздерін тергеуші Эдуард және қаржы жөніндегі маман Виктор деп таныстырған адамдар хабарласып, әйелдің есепшотына қателікпен мемлекеттік қаражат түскенін айтып, оны қайтару қажеттігін жеткізген.

– Алаяқтардың нұсқауларын орындаған зейнеткер өз шотынан екі миллион теңгені шешіп алып, шетелдегі белгісіз есепшотқа аударған. Ақша жіберілгеннен кейін ғана ол алданғанын түсінген. Қылмыскерлер іздерін жасыру мақсатында барлық хабарламалар мен қоңырауларды өшіруді талап еткен. Осыдан кейін жәбірленуші полицияға жүгінді, – деп хабарлады қалалық полиция қызметкерлері.

Құқық қорғау органдары тұрғындарды сақ болуға шақырады. Бейтаныс адамдарға СМС арқылы келген кодтарды айтуға және күмәнді қоңырауларға сенуге болмайтынын атап өтті.