Павлодарда есірткі таратушы синтетикалық затты темекі қорабына жасырған
Күдікті қамауда отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 20 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады.
Тексеру кезінде күдіктінің пәтерінен темекі қорабы табылып, оның ішінен ақ түсті заты бар полиэтилен пакеттер анықталып, тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес, алынған зат шамамен бір грамм синтетикалық психотроптық зат болып шыққан.
Аталған дерек бойынша есірткі құралдарын заңсыз дайындау, қайта өңдеу және өткізу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Қазіргі таңда күдікті қамауда отыр.
– Есірткінің заңсыз айналымына қатысты бұл қылмыс бойынша тергеу амалдары жалғасуда, – деп хабарлады облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Болат Нүрсейітов.
Полиция өңір тұрғындарын интернет желісінде есірткі заттарын «тарату» немесе «курьерлік жұмыс» ретінде ұсынылатын күмәнді хабарландырулардан бас тартуға шақырады. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, есірткі саудагерлері уәде ететін анонимдік пен жазасыздық – жалған.
Айта кетейік, есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстар үшін ең ауыр жаза ретінде өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделген.