Павлодарда өрт сөндірушілер арасында спартакиада ашылды
Жарыс сызығына шаңғышылар бірінші болып шықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шаңғышылар жарысы төрт жас санаты бойынша өткізілді: 29 жасқа дейін, 30-34, 35-39 жас және 40-тан үлкендер. Павлодар облысы бойынша өрт сөндіру және апаттық-құтқару қызметінің барлығы 13 бөлімшесінен 60 спортшы бәсекеге түсті.
- Бүгін спартакиаданың ашылуы болды, - дейді өрт сөндіруді ұйымдастыру бөлімінің инженері, аға лейтенант Нұрболат Әбілдинов. – Жарысқа іс басындағы өрт сөндірушілер қатысуда. Спартакиада жыл бойы өткізіледі.
Оның сөзіне қарағанда, спартакиада спорттың жеті түрі бойынша өткізілуде. Сәуірде үстел теннисінен турнир өтеді. Әрі қарай мини-футбол, волейбол, өрт сөндіру-құтқару және кір көтеру спортынан жарыстар ұйымдастырылады.
Қорытындысында 29 жасқа дейінгі сында №17 өрт сөндіру бөлімшесі жеңіске жетті. 30-34 жас аралығында №15 ӨБ, 35-19 - №1 мамандандырылған ӨБ, 40 жастан үлкендерде - сол бөлімше спортшысы жеңіске жетті.
Былтыр үздік үштікке Павлодардағы №1 мамандандырылған және №3 өрт сөндіру бөлімшелері және Ақсудағы №10 өрт сөндіру бөлімшесі енді.
Фото: автор