Павлодарлық әнші республикалық дәстүрлі ән байқауында бірінші орын алды

Павлодарлық әнші республикалық дәстүрлі ән байқауында бірінші орын алды

Ақан Серінің 180 жылдығына арналған республикалық дәстүрлі ән орындаушылар байқауы Жезқазған қаласында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

– Республикалық XXXI дәстүрлі «Ұлытау үні» фестивалі аясында өткен шараға еліміздің түкпір-түкпірінен кіл мықтылар жиналды. Аталған жыр додасында Павлодар облысының намысын өңіріміздің жезтаңдай әншісі, республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты, филармонияның артисі Дәуренбек  Слямғали қорғап, 1-орынды иеленді, – деді Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясында.

Әнші ән байқауының бірінші кезеңінде Ақан серінің «Мақпал», «Алтыбасар», «Перуайым», екінші кезеңде Біржан салдың «Ләйлім шырақ», Ақан серінің «Құлагер», Тұрсынғазы Рахимовдың «Керімбайдың әні»  туындыларын орындаған. 

Дәуренбек Слямғали 1996 жылы 31 қарашада Павлодар облысы Тереңкөл ауданы Қызылтаң ауылында дүниеге келген. 2012 жылы Қызылтан орта мектебін бітіріп, Павлодар музыка колледжіне оқуға түсті. 2016 жылы колледжді бітіргеннен кейін Құрманғазы атындағы «Қазақ ұлттық консерваториясында «Домбыра және ән» бөлімінде білім алды.

2014 жылы «Күміс көмей, жез таңдай» дәстүрлі әншілер қалалық байқауының Гран-При иегері, Қарағанды облысында дәстүрлі әншілер байқауында өткен I Халықаралық «Тұлға» фестиваль-байқауының бас жүлде иегері,  2015 жылы Новосібір  қаласында өткен «Сибирь зажигает звезды» байқауында «Дәстүрлі ән» номинациясы бойынша I орын иегері. 

2018 жылы Шамсутдинова Майра Уәлиқызы атындағы «Ән еркесі – әнші Майра» қалалық байқауының және 2020 жылы Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияның 75 жылдығына арналған Хәкім Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында «Құлақтан кіріп, бойды алар...» атты байқауының  Гран-При иегері. 

2023 жылы Қазақ ССР халық әртісі, Манарбек Ержановтың 122 жылдығына арналған І республикалық дәстүрлі әншілер байқауына қатысып, үздік өнер көрсеткені үшін Бас жүлде иегері атанған.