Павлодардағы көпқабатты үйдегі өрт адам өлімімен аяқталды

Павлодардағы көпқабатты үйдегі өрт адам өлімімен аяқталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Терезеден секіріп кеткен 23 жастағы қыз аурухана төсегінде көз жұмды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өрт 12 маусым күні таңсәріде Павлодар қаласындағы бес қабатты тұрғын үйлердің бірінде болды. Оқиға салдарынан бірнеше адам зардап шекті, олардың арасында құтқарушылар келгенге дейін екінші қабаттың терезесінен секіріп кеткен бойжеткен де бар. 

Оқиға орнынан түсірілген бейнежазбалар әлеуметтік желілерде кеңінен тарады. Кадрларда Баян батыр көшесіндегі үйдің екінші қабатындағы пәтерден жалын мен қою түтін шығып жатқанын көруге болады. Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Баян батыр көшесіндегі тұрғын үй пәтеріндегі өрт туралы хабарлама сағат 03:55-те түскен. Өрт бес қабатты үйдің екінші қабатында болған. Жалын салдарынан 20 шаршы метр аумақта үй жиһаздары, тұрмыстық заттар мен терезе жақтауы зақымданған.

Өрт сағат 04:16-да оқшауланып, 04:22-де толық сөндірілді. ТЖД қызметкерлері үшінші қабаттан екі адамды, оның ішінде бір баланы құтқарды. Көмірқышқыл газынан уланған екі ересек адам ауруханаға жатқызылды. Сонымен қатар, 2003 жылы туған бойжеткен өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін екінші қабаттың терезесінен секіріп кеткен.

– Оқиға орнына екі жедел жәрдем бригадасы мен апаттар медицинасы орталығының бір бригадасы жұмылдырылды. Барлығы алты адам зардап шекті. Олар 2003 жылы туған қыз ауыр жағдайда Павлодар қалалық №3 ауруханасына жеткізілді, 1972 жылы туған ер адам мен 1973 жылы туған әйел Павлодар қалалық №1 ауруханасына жеткізілді. Сегіз жасар қыз, 18 жастағы жігіт және 66 жастағы ер адам алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін ауруханаға жатудан бас тартты, – деп хабарлады Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы.

Ал Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жүргізілген барлық медициналық шараларға қарамастан, 23 жастағы бойжеткеннің биологиялық өлімі сағат 05:50-де тіркелді.