Павлодардағы «Жастар рухы» жастар қанатына жаңа төраға тағайындалды
Ол VIII есептік-сайлау конференциясында таныстырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының мәлімдеуінше, «Жастар рухы» жастар қанатына басшы болып Бәкіжан Кәкім тағайындалды. Партияның өңірлік филиалының атқарушы хатшысы Айгүл Мәлікова жастар қанатының бұрынғы басшысы Еламан Асылбековке алғысын білдіріп, жаңа төрағаға сәттілік тіледі.
- Еламан Асылбековтың басшылығы кезеңінде көптеген маңызды іс-шаралар өткізіліп, креативті жобалар іске асырылды. Жақсы ұйымдастырушылық дағдылардың, жас павлодарлықтардың құрметінің арқасында Бәкіжан белсенді қызметін жалғастыратынына сенімдімін. Жастармен жұмыс әрқашан қызықты, біз сізден нәтижелі жұмыс күтеміз, - деді Айгүл Мәлікова.
Өз кезегінде жастар қанатының жаңа төрағасы партия басшылығына сенім білдіргені үшін алғысын білдіріп, өзіне жүктелген міндеттерді орындауға уәде берді.
- Алда көптеген жоспарлар мен жобалар бар және біз оларды жақын арада жұртшылыққа көрсетеміз. Бүгінде жастарға партия тарапынан елеулі назар аударылуда, өз кезегінде жастар партияның бастамаларын қолдауға дайын. Төраға ретінде мен ең батыл және өршіл идеяларды жүзеге асыруға бар күшімді саламын, - деп атап өтті Бәкіжан Кәкім.
Бұдан басқа, VIII есептік-сайлау конференциясын өткізу шеңберінде "AMANAT" партиясының облыстық филиалының "Жастар рухы" жастар қанатының 2022-2023 жылдағы атқарған жұмыстары туралы есеп ұсынылып, алдағы жоспарлар мен міндеттер талқыланды.