Павлодардың Солтүстік өнеркәсіп аймағында сынаптың мөлшеріне экологиялық бақылау жалғасуда

Павлодардың Солтүстік өнеркәсіп аймағында сынаптың мөлшеріне экологиялық бақылау жалғасуда
ЖИ иллюстрациясы

Жұмыстар 2026–2030 жылдарға арналған сынап мониторингі бағдарламасы аясында жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласының Солтүстік өнеркәсіп аймағындағы қоршаған ортадағы сынап мөлшеріне жыл сайынғы мемлекеттік экологиялық мониторинг жалғасуда. Зерттеу жұмыстарына тапсырыс беруші – Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы.

2026 жылы мониторинг жұмыстарын Қарағанды қаласындағы «GIO TRADE» ЖШС сынақ орталығы жүргізіп жатыр. Орталық қолданатын зерттеу әдістері Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі мен «Техникалық реттеу туралы» заң талаптарына толық сәйкес келеді.

Мамандар атмосфералық ауа, топырақ, жерүсті және жерасты сулары, қар жамылғысынан сынамалар алып, зерттеу жүргізуде. Сонымен қатар, Былқылдақ көлі маңынан ауланған балықтардың құрамындағы сынап мөлшері де тексеріледі. Бұған қоса, экологиялық бақылаудың үздіксіздігі мен нақтылығын қамтамасыз ету мақсатында бақылау ұңғымаларының желісі қалпына келтірілуде.

Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының мәліметінше, сынап мониторингі Павлодардың Солтүстік өнеркәсіп аймағындағы экологиялық бақылаудың негізгі құралдарының бірі болып қала береді. Зерттеулер бекітілген бағдарламаға сәйкес тұрақты түрде және заманауи зертханалық әдістерді қолдану арқылы жүргізілуде.

Ведомствоның дерегіне сәйкес, 2007 жылдан бері жүргізілген көпжылдық бақылау нәтижелері өңірдегі экологиялық ахуалдың тұрақты екенін көрсетеді. Санитарлық-қорғау аймағынан тыс жерлерде тұрғындардың денсаулығына қауіп анықталмаған.

Басқарма мониторинг жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Оның нәтижелері қоршаған ортаның жай-күйін уақтылы бағалауға, табиғатты қорғау шараларының тиімділігін бақылауға және өңірдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті 2024 жылғы 6 қазанда берген № KZ.T.10.0491 аккредиттеу аттестаты негізінде.

Серіктестік материалы