Павлодардың үздік шахматшылары Қала күніне орай бақ сынасады

Павлодардың үздік шахматшылары Қала күніне орай бақ сынасады
Фото: жасанды интеллект

Жеңімпаздар төрт жас санатында анықталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Pavlodar Ertis Chess Cup» жарысы 25 шілде күні сағат 10:00-де орталық жағалаудың оң қанатындағы аллеяда басталады. Турнирге тіркелу 24 шілде сағат 15:00-де аяқталады немесе 100 қатысушы мен 20 резервтік орын толған жағдайда мерзімінен бұрын жабылады.

–  Жарыс блиц форматында өтеді: әр ойыншыға үш минут беріледі, әр жүріске екі секунд қосылады. Қатысу үшін алдын ала тіркелу қажет, – деп хабарлады ұйымдастырушылар.

Турнир ұлдар, қыздар, ерлер және әйелдер арасында жеке есепте төрт жас санаты бойынша ұйымдастырылады: 14 жасқа дейін, 14-17 жас, 18-60 жас және 61 жас пен одан жоғары.

Әр санатқа 25 қатысушыдан артық қабылданбайды. Оның ішінде кемінде бес әйел немесе қыз бала болуы тиіс. Сонымен қатар, бес резервтік орын қарастырылған. Қатысушылар саны жеткіліксіз болған жағдайда төрешілер алқасы жас санаттарын біріктіре алады.

Зияткерлік додада әр жас санатындағы үздік бес шахматшы марапат төрінен көрінеді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы сыйлықтар табысталып, жүлде қорының көлемін Қазақстан шахмат федерациясының Павлодар облыстық филиалы айқындайды.