Павлодарлық іздеушілердің көмегімен майдангердің туыстары табылды
Хабар-ошарсыз кеткен сарбаздың тағдыры 80 жылдан соң белгілі болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарлық іздеушілер Ресейдің Сахалин облысында өткен VII өңіраралық «Қиыр Шығыс майданы – 2026» іздестіру экспедициясына қатысып, Ұлы Отан соғысы жауынгерінің тағдырын қалпына келтіруге үлес қосты.
Сахалинде өткен экспедицияға Ресейдің 19 өңірінен, сондай-ақ Қазақстан мен Беларусьтен келген іздеушілер қатысты. Үш апта бойы қатысушылар 1945 жылғы Оңтүстік Сахалин шабуыл операциясы өткен аумақтарда жұмыс жүргізіп, кеңес сарбаздарының тағдырын анықтаумен айналысты.
Халықаралық экспедиция құрамында павлодарлық «Майдан жолы» іздестіру-зерттеу жасағы да болды. Жасақ мүшелері 1945 жылдың тамызында Оңтүстік Сахалинді жапон әскерлерінен азат етуге қатысқан 79-атқыштар дивизиясы шайқасқан аумақтарды зерттеді.
Іздеушілер таулы қыраттарды, орманды, батпақты жерлерді және бұрынғы қорғаныс шептерін тексеріп, бір қызыләскердің сүйегін, соғыс жылдарына тиесілі 200-ден астам артефактіні, сондай-ақ Харамитог бекініс ауданы маңындағы жапон қорғанысының жаңа нысандарын анықтады.
Экспедицияның ең маңызды оқиғаларының бірі – Қостанай облысының тумасы, қызыләскер Павел Михайлович Большаковтың сарбаз медальонының павлодарлық іздеушілерге табысталуы болды. Жауынгердің сүйегі Мәскеу облысында «Әскери археология» іздестіру жасағы тарапынан табылған. Медальонның сақталуының арқасында сарбаздың жеке басын анықтау мүмкін болды.
Павел Большаков 1941 жылы 17 жасында майданға шақырылып, ұзақ жылдар бойы хабар-ошарсыз кеткендер қатарында саналған. Іздестіру жұмыстары нәтижесінде оның тағдыры анықталып, 1941 жылдың қазан айында Мәскеу үшін шайқас кезінде қаза тапқаны белгілі болды. Ұзақ ізденістен кейін батырдың туыстары табылып, медальон отбасына табыстау үшін қазақстандық тарапқа берілді.
«Майдан жолы» жасағының командирі Александр Шитов әскери-патриоттық бағыттағы педагогтер форумына қатысып, тарихи жадыны сақтау және іздестіру қозғалысын дамыту мәселелерін талқылады. Жастарды патриоттық тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін оған Сахалин облысының Білім министрлігінің Алғыс хаты табысталды.
Экспедиция қатысушылары оның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және Сахалин облысы билігінің қолдауын ерекше атап өтті. Олардың пікірінше, қоғам мен мемлекеттің осындай өзара іс-қимылы тарихи мұраны сақтаудың тиімді үлгісі болып табылады.
2026 жылдың шілде айында павлодарлық «Майдан жолы» жасағы іздестіру жұмыстарын жалғастырады. Олар халықаралық «Еске алу вахтасы – 2026» акциясы аясында Ресейдің Калининград облысына барып, Кёнигсберг үшін болған шайқастар өткен жерлерде жұмыс жүргізеді.
Экспедицияға павлодарлық студенттер, мектеп оқушылары мен педагогтер де қатысады. Бұл олар үшін іздестіру жұмыстарының тәжірибесін меңгеруге және Ұлы Отан соғысы қаһармандарының ерлігін ұлықтауға үлес қосуға мүмкіндік береді.