Павлодарлық құтқарушыларға Президенттің атынан естелік сыйлықтар берілді
Олар су басқан аймақтарда тәулік бойы құтқару жұмыстарында жұмылдырылған болатын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, павлодарлық құтқарушылар Солтүстік Қазақстан облысының қарғын су кірген аймақтарында адамдарды, үй жануарларын, материалдық заттарды эвакуациялауға көмектескен.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың СҚО-ға жұмыс сапары барысында су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатқан құтқарушылармен, еріктілермен және бизнес өкілдерімен кездесті. Президент төтенше жағдай кезінде өңір тұрғындарының жоғары ұйымшылдығын атап өтіп, табиғи апатқа қарсы күреске тартылған барлық азаматтарға алғысын білдірді.
Төтенше жағдай министрлігінің15 қызметкеріне, оның ішінде Павлодар облысының 1-МӨСБ аға инженері Ақжол Сағынбай, аға өрт сөндіруші Әлішер Кәкенов, жүргізуші Қанат Байсарин және өрт сөндіруші-құтқарушы Арман Қайыржанға естелік сыйлықтар табыс етілді.