Павлодарлық құтқарушылар бір күнде екі балаға көмекке барды
Құтқару тобы бір жағдайда есікті ашса, екіншісінде терезе арқылы пәтерге кірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі
Облыста төтенше жағдай қызметкерлері бір күнде екі рет көмекке шығып, екі жағдайда да балаларды құтқарды. Оқиғалар таңғы уақытта тіркеліп, мамандар жедел әрекет етті.
Алғашқы жағдай облыс орталығындағы Ткачев көшесінде болды. Үш жасар бала пәтердің есігін ішінен жауып алып, өздігінен аша алмаған. Оқиға орнына келген құтқарушылар арнайы құралдардың көмегімен есікті ашты. Жұмыс полиция қызметкері мен баланың анасының қатысуымен жүргізілді. Балаға медициналық көмек қажет болған жоқ.
Екінші оқиға Ақсу қаласында Камзин көшесінде орын алды. Бұл жолы да бала пәтер ішінде қамалып қалған. Құтқарушылар үш тізелі баспалдақты пайдаланып, екінші қабаттың терезесі арқылы ішке кіріп, есікті ашты. Бала дін аман.
Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаменті ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмауды және тұрмыстық қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертеді.
Аяужан Жетес.