Павлодарлық құтқарушылардың жедел әрекеті 20 адамның өмірін сақтады

Ережені бұзған 58 адамға айыппұл салынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Биыл су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бірқатар кешенді шаралар жүзеге асырылды. Облыс әкімі бекіткен «Жаз – 2025» кешенді жоспары аясында рейдтер, түсіндіру жұмыстары және жаңа техниканы қолдану арқылы апаттардың алдын алу көзделді.
Павлодар облысы ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Қыдыржан Наскеновтың айтуынша, ағымдағы жылдың қорытындысына сәйкес құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында 20 адамның өмірі сақталды. Соған қарамастан, жаз айларында 14 адам, оның ішінде екі бала суға батып кетті.
Оның айтуынша, жыл басынан бері 8 600 рейд жүргізіліп, 273 құқық бұзушылық анықталды. Оның жартысынан астамы – тыйым салынған жерлерде шомылу деректері. Нәтижесінде 58 адамға айыппұл салынып, 215 ескерту берілді.
– Судағы қауіпсіздікке дрондар, «Марлин 830» катері және квадроциклдер пайдаланылды. Сондай-ақ қосымша 206 тыйым салатын белгі орнатып, тұрғындарға арналған баннерлер ілінді,– деді Қыдыржан Наскенов.
Қайғылы жағдайлардың басты себептері: мас күйінде шомылу, тыйым салынған жерлерде суға түсу, өз күшін дұрыс бағаламау, сондай-ақ балаларды ата-аналардың қарауынсыз қалдыру.
Құтқарушылар тұрғындарға суда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертеді.