Павлодарда қала күніне орай өткен бәйгеде үздіктер анықталды

Павлодарда қала күніне орай өткен бәйгеде үздіктер анықталды
Фото: Константин Шелков

Елдің әр аймағынан келген шабандоздар додаға түсті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстың Құлагер ипподромында өткен құнан, топ және аламан бәйгелеріне  жарысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен жүйріктер жиналды. Бәйгенің әр кезеңінде шабандоздар мен атбегілердің дайындық деңгейі, сәйгүліктердің мықтылығы мен төзімділігі сынға түсті.

Құнан бәйге ат жарысының бірінші орнына 800 мың теңге, екінші орынға 400 мың , жүлделі үшінші орынға 250 мың теңге тігілді. Нәтижесінде Тараз қаласынан келген Тастемір есімді сәйгүлік үздік нәтиже көрсетті. 

Топ бәйге ат жарысының бірінші орнына 1,5 млн, екінші орынға 700 мың теңге, ал үшінші орынға 400 мың теңге қойылды. Нәтижесінде бірінші орын Алматы қаласынан келген Қарлығаш есімді сәйгүлікке бұйырды.

Аламан бәйге ат жарысының бірінші орнына екі миллион,  екінші орынына  700 мың, үшінші орынға 400 мың теңге тігілді. Жарыстың бірінші орын иегері ретінде Абай облысынан келген Жел есімді сәйгүлік танылды. 

Айта кетейік, жалпы жүлде қоры – сегіз миллион теңге.

Құлагер ипподромындағы бәйге – рухтың шынайы көрінісі. Бұл жарыс жас буынға жігер, ал шабандоздарға шабыт берді.

 – Бәйгеде тек ат қана емес, рух пен төзім жарысады. Бүгін соны көзімізбен көрдік, –дейді жарысты тамашалауға келген көрермен Нариман Сейілұлы. 

Қала күні тек мәдени, өнер кештерімен емес, ұлттық дәстүрлерімізді ұлықтаған осындай спорттық шаралармен ерекшеленді.