Павлодарлық қаhарман желтоқсан оқиғасы жайлы кітап жазуда
Ол өткен тарих жайлы тебіреніспен еске алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
1986 жылы желтоқсан айында студенттер ұлттық тәуелсіздік үшін көшеге шығып, Алаштың дауысын жоғары билікке жеткізген болатын. Осы жастардың арасында павлодарлық Амантай Құдабаев та болды. Қазір желтоқсаншылардың құқығын қорғайтын «Желтоқсан тарихы» қоғамдық бірлестігінің Павлодар облыстық филиалының төрағасы.
Амантай Құдабаев осы күнді ұмыта алмайтынын айтады.
- Оны ұмыту мүмкін емес. Желтоқсан оқиғасын Тәуелсіздіктің алғашқы қадамы деп толық айта аламыз. Ал сол кезде ұлт азаттығы үшін бас көтеріп, алаңға шыққан жастарға Тәуелсіздіктің алғашқы қарлығаштары деген баға берілді, - деді қаһарман. - Жетпіс жылдай өмір сүрген тоталитарлық жүйе қанша жерден әрекеттенгенімен азаттық жолында ширыққан, буырқанған қазақ жастарының рухын өлтіре алмады. Кеңестік жүйенің ұлттар мен халықтардың мәдениеті мен тарихын, ұлттық сана-сезімін тұншықтыруға бағытталған әрекеттеріне қарсы жаңа наразылық пен жаңа күш туып келе жатты. Бұл күш 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде қазақ жастарының бойынан көрінді.
Бастапқыда Амантай Жетпісұлы алаңға жалғыз шығып, жиналған жастардың қатарына қосылды. Оның кім екенін және осы студенттерді ол басқарып бара жатыр ма деп сұрағанда аты Аманжол және ауыл шаруашылығы институтының студенті деп өтірік айтуға мәжбүр болған. Өйткені бұл көтерілістің соңы үлкен қасіретке ұласатынын білген. Сонда да, ортаға шығып, бүкіл қазақ жастарының атынан талабын жеткізген.
Павлодар облысынан 46 студент Желтоқсан оқиғасына қатысқан. Бүгінгі таңда сол азаматтардың оны ғана ақталды.
- Алдағы мақсатымыз - барлығын ақтап алу. Қазір сол бойынша жұмыс жүріп жатыр, - деп атап өтті Амантай Жетпісұлы.
Келесі жылы Желтоқсан оқиғасына 40 жыл толады. Бүгінде осы үлкен тарихи оқиғаға байланысты Амантай Құдабаев кітап жазуда. Оған 16 желтоқсанда алаңға шыққан жерлестеріміздің барлығын енгізіп, естеліктерін алады. Яғни, сол уақытта қандай оқиғаларды бастан өткергенін толық жазатын болмақ.